
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ КИЕЛІ ГЕОГРАФИЯСЫ: АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ СӘУЛЕТ ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Жоба туралы: Түркі Академиясы
Жобаны жүзеге асырушы ұйым: Түркі Академиясы
Мерзімі: 2023–2025
Түркі Академиясы жүзеге асыра бастаған «Түркі әлемінің киелі географиясы: археологиялық және сәулеттік ескерткіштер» атты жобаның басты мақсаты – түркі мәдениетімен байланысты маңызды нысандарды жүйелі түрде түгендеу және ғылыми тұрғыдан зерттеу. Зерттеу аясында түркі әлеміне қатысты елдермен қатар, түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтаған өңірлер де қамтылмақ. Жоба нәтижесінде үш томдық атлас жарық көреді: бірінші том Балқан аймағы, Түркия және Солтүстік Кипрге арналады, ал екінші және үшінші томдар Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанмен қатар, Ресей Федерациясындағы түркітілдес аймақтарды (Алтай Республикасы, Башқұртстан, Татарстан, Хакасия, Тыва және т.б.) қамтиды. Бұл зерттеу археологиялық және сәулеттік ескерткіштердің тарихи-мәдени маңызын тереңірек зерделеуге, ғылыми білімді кеңейтуге және түркі халықтарының ортақ мұрасын нығайтуға бағытталған.