
ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ИДЕЯЛАРЫ (XIX – ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫ)
Жоба туралы: Түркі Академиясы
Жобаны жүзеге асырушы ұйым: Түркі Академиясы
Мерзімі: 2023 – 2025
«Түркі халықтарының философиялық және саяси идеялары (XIX – ХХ ғасырдың басы)» жобасы XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында түркі халықтарының өзіндік болмысын, ұлттық бірегейлігін іздеу үдерісін терең әрі заманауи тұрғыдан зерттеуге бағытталған. Жоба аясында сол кезеңдегі түркілік бірегейлікке қатысты пікірталастар, мақалалар мен шығармалар талданады. Бұл еңбектердің басым бөлігі әлі күнге дейін жүйеленбеген, көпшілігі бүгінде оқылуы қиын шағатай түркі тілінде жазылған сирек кездесетін библиографиялық мұра болып табылады. Жобаның негізгі мақсаты – маңызды шығармалар мен мақалаларды жинақтап, XIX – XX ғасырдың басындағы түркі халықтарының рухани ізденістері мен ұлттық идеяларын толыққанды ашып көрсету. Сонымен қатар, бұл еңбектерді бүгінгі түркі халықтары кеңінен қолданатын латын және кирилл графикаларымен қатар, қазақ, әзербайжан, түрік және қырғыз тілдеріне аудару көзделіп отыр. Осылайша, түркі халықтарының философиялық және саяси ойлау жүйесін сипаттайтын құнды еңбектердің толық корпусын әзірлеу жобаның басты нәтижелерінің бірі болмақ.