Академик Рәбиға Сыздықтың 100 жылдығына орай халықаралық ғылыми конгресс өтті
Жуырда Алматы қаласында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен және Түркі Академиясы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қолдауымен академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның көрнекті тіл маманы, түркітанушы Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың 100 жылдығына арналған «Жаһандану әлеміндегі ғылымның дамуы: Түркітану. Лингвистика. Филология» атты халықаралық конгресс өтті.
Конгресс жұмысына түркітану мен тіл білімі саласының жетекші мамандары және түркі елдерінің ғалымдары, сонымен қатар, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Конгресс аясында кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, онда 2023-2024 жылдары Түркі Академиясы жариялаған ғылыми еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.
Басқосу барысында Түркі Академиясының Президенті Шаһин Мұстафаевтың құттықтау хаты оқылып, Рәбиға Сыздықтың ғылыми қызметі мен түркология саласындағы зор үлесі атап өтілді.
Айта кетейік, академик Рәбиға Сыздықтың жеке кітапханасы, жеке қолжазбалары мен бірқатар жеке заттары Түркі Академиясының мұражайында сақтаулы тұр.
Екі күнге созылған конгресс барысында «Тіл білімінің синхронды аспектілері» және «Тіл білімінің диахронды аспектілері» атты секциялық отырыстар өтіп, онда қазақ тіл білімі, филология және түркітану саласындағы жаңа ғылыми парадигмалар мен академик Р. Сыздық мұрасының маңыздылығы жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында академиктің ғылыми еңбектерін қамтитын «Рәбиға Сыздықтың ғылыми мұрасы» атты хрестоматияның тұсаукесері өтті.