Ташкентте түркі әлемінің даму стратегиясы талқыланды

Ташкентте Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жетекші ұлттық сараптамалық орталықтарының конференциясы өтті. Іс-шара Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Конференцияға Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Мерей Мұқажан, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының директоры Обид Хакимов, сондай-ақ ТМҰ елдеріндегі сараптамалық орталықтардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Жиынның ашылуында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың атынан сөз сөйлеген Асхат Кесікбаев өз баяндамасында Академияның түркі әлемінің ғылыми интеграциясына бағытталған қызметі туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол Академия үйлестіріп отырған жобалар мен жыл сайын шығарылатын талдамалық есептерге тоқталды. Атап айтқанда, экономикалық бағыттағы екі маңызды баяндаманы кеңірек таныстырды:

«Түркі мемлекеттерінің экономикалары – 2023: цифрлық сауда және инвестициялар» «Түркі мемлекеттері арасындағы көлік және энергетикалық байланыстарды нығайту – 2024» Конференция секциялық отырыстар форматында өтіп, онда экономикалық саясатты қалыптастырудың жаңа тәсілдері, өңірлік ынтымақтастықты тереңдету жолдары және жаһандық сын-қатерлер жағдайында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Түркі Академиясы мен Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығы ғылыми ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.