Түркі Академиясының президенті Бакуде өткен халықаралық конференцияға қатысты
Бүгін Бакуде «Ежелгі қоныстарды сақтау: қауіп-қатерлер мен заманауи тәсілдер» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Іс-шараның ашылуында Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Керимли, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ЮНЕСКО-ның Мәдениет және төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Криста Пиккат, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Әзербайжан Ұлттық ғылым Академиясының президенті Иса Хабиббейли, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова және ғылым мен мәдениет саласының өзге де қайраткерлері сөз сөйледі.
Конференцияда климаттың өзгеруі, урбанизация және тарихи мұраның жойылуы секілді жаһандық сын-қатерлер кеңінен талқыланды.
Өз сөзінде Түркі Академиясының басшысы көне елді мекендер мен тарихи ескерткіштерді сақтау тек академиялық міндет емес, бүкіл қоғамның ортақ парызы екенін айтты. Ол ежелгі халықтардың материалдық мұрасы адамзаттың даму тарихы сатыларының ажырамас бір бөлігі екенін, ал оның жоғалуы өткеннің тұтас бейнесін бұрмалауға алып келетінін ерекше атап өтті.
-Тарихты зерттеуде ғылыми көзқарасты кеңінен насихаттап, ғылыми негізі жоқ, діни-мифологиялық және жеңілдетілген интерпретациялардың таралуына қарсы тұру қажет, - деді Академия басшысы.
Сөзін қорытындылай келе, Шаһин Мұстафаев Түркі Академиясының мәдени мұраны сақтау және зерттеу ісінде Әзербайжанның Мәдениет министрлігімен және өзге де салалық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді.