Түркі елдерінің мәдениет министрліктерінің басшылары Түркі Академиясына келді

Бүгін Түркі Академиясына бауырлас елдер мен Түркі мемлекеттері ұйымынан бір топ делегация келді. Атап айтқанда, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Керимли, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Қырғыз Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Гүлбара Әбдіхалықова, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрінің кеңесшісі Шавкатжон Ортықов, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі өкілі Асан Мажитов және Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігі өкілі Хатидже Озге Пан келді.

Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев мәртебелі қонақтарды құрметпен қарсы алып, ұйымның қызметі, Академия мұражайы және оның ғылыми жобалары аясында жарық көрген басылымдармен таныстырды. Кездесу барысында Академияның негізгі қызмет бағыттары, жүргізіліп жатқан зерттеулер және болашақта жарияланатын еңбектер талқыланды.

Түркі Академиясымен тығыз ынтымақтастық орнатылғанын атап өткен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Керимли ұйымның түркі халықтарының тарихи және мәдени мұрасын зерттеу мен насихаттаудағы маңызды рөліне тоқталып, серіктестіктің нығая береріне сенім білдірді.

ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев мәдениет өнермен ғана шектелмей, сондай-ақ, тарихты, тілді және бауырлас халықтардың дәстүрін қамтитынын айтты. Осы орайда, ол Академияның түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтудағы үлесін жоғары бағалады.

Кездесу соңында тараптар түркі әлемі аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендерін мәлімдеді.