Түркі Академиясының басшысы Брюссельде өткен аймақтық су форумына қатысты

Бүгін Брюссельде Түркі мемлекеттері ұйымының Құрғақшылықтың алдын алу институты (DPI) Мажарстанның экспортты ынталандыру агенттігі (HEPA) қолдауымен Өңірлік су форумын ұйымдастырды. Форумға су ресурстары мен тұрақты даму мәселелеріне маманданған жетекші сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Одақта тіркелген түркі мемлекеттерінің дипломатиялық миссия басшылары мен дипломаттар қатысты.

Форумның ашылуында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Мажарстанның Бельгиядағы Елшісі Тамаш Ян Ковач, ТМҰ-ның Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Иштван Васари, HEPA бас директоры Габор Йенеи және Еуропалық сауданы ынталандыру ұйымының (Брюссель) вице-президенті әрі басқарма мүшесі Фрэнсис Баерт сөз сөйледі.

Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев «Түркі мемлекеттеріндегі тұрақты даму және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында аймақтық шолу жасап, өз баяндамасында су қауіпсіздігінің маңыздылығына тоқталды. Ол халық санының өсуі, климаттың өзгеруі және трансшекаралық су мәселелері жағдайында бұл мәселенің аймақтағы өзекті сын-қатерлердің біріне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, Арал теңізінің құрғауының салдары мен Каспий теңізінің тайыздану қаупіне назар аударып, су ресурстарын қорғау үшін ортақ күш-жігерді арттырудың маңыздылығын алға тартты.

Академия басшысының баяндамасы негізінен Түркі Академиясы дайындаған “Түркі елдеріндегі су ресурстарының келешегіне көзқарас және тұрақты даму жолындағы ынтымақтастық” атты есептік журнал төңірегінде өрбіді. Бұл есептік басылымда аймақтың су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі стратегиялары айқындалып, халықаралық ынтымақтастықтың тиімді тетіктері мен практикалық шешімдері ұсынылған.

Баяндамасын қорытындылай келе, Академия басшысы «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізу тиімді су саясатын, инновациялық шешімдерді және барлық мүдделі тараптардың ортақ күш-жігерін талап ететінін айтты.

Академияның есептік журналы форум қатысушыларының қызығушылығын тудырып, дипломаттар, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың өкілдері оның өзектілігі мен құндылығын ескеріп, ұсынылған талдаулар мен бастамалардың су ресурстарын тиімді басқаруға және түркі әлеміндегі ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атады.

Су ресурстарын басқару саласындағы сараптамалық пікірталастар, жобаларды таныстыру және серіктестік орнату үшін маңызды алаңға айналған Брюссельдегі Өңірлік су форумы өз жұмысын аяқтады.