Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы
Ақтау қаласында 2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін иеленетін жылдың салтанатты ашылуы өтті.
Мерекелік шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлері, шетелдік дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Каспий теңізінің жағалауында өткен мерекелік бағдарламаға облыс тұрғындарымен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан және Мажарстаннан келген 30 мыңға жуық көрермен жиналды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Президент өз сөзінде түркі халықтарының мәдени бірлігін нығайтудың маңыздылығын, сондай-ақ, Маңғыстау өңірінің тарихи және рухани тұрғыдан түркі әлемі үшін мәнін атап өтті.
Бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде қазақтың бай салт-дәстүрін, Маңғыстаудың қасиетті ескерткіштерін және түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын таныту мақсатында құрылған «Дархан дала» этноқалашығы ерекше назарға алынды.
Айта кетейік, 2025 жылы Ақтауға Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін беру туралы шешім Әзербайжанда өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 40-шы отырысында қабылданған болатын.