Академик Шаһин Мұстафаевтың іргелі ғылыми еңбегі таныстырылды

Баку мемлекеттік университетінде Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев әзербайжан тіліне аударып, баспаға дайындаған 1728 жылы құрастырылған Осман империясының Тебриз Ливасына қатысты қазынашылық кітапшасы туралы көлемді ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті.

“Тебриз Ливасының салық дәптері” – ғалымның көп жылғы ғылыми ізденістері мен түрлі дереккөздерді талдауының жемісі болып табылады. Кітапта Осман империясы дәуіріндегі салық жүйесінің құрылымы, әлеуметтік-экономикалық үдерісі және олардың Оңтүстік Кавказдың дамуына тарихи ықпалы ғылыми тұрғыдан зерделеніп, түсініктемелерімен жазылған.

Ғылыми салалардың кең ауқымын қамтитын екі томдық іргелі еңбек осы тарихи кезеңді зерттеудегі олқылықтардың орнын толтырып, тарихшылармен қатар экономистер, этнографтар, географтар және филологтар үшін құнды дереккөз болып табылады.

БМУ ректоры Эльчин Бабаев университетте осы материалдар негізінде ғылыми зерттеулер басталғанын, атап айтқанда, магистратура бағдарламалары аясында «Тебриз ливасының салық дәптерін» зерттеуге арналған диссертациялар әзірлеу жоспарланғанын жеткізді.

Өз сөзінде академик Ш. Мұстафаев кеңестік кезеңде Әзербайжан тарихына қатысты зерттеулер негізінен араб және парсы деректеріне сүйенгенін, ал XVIII ғасырдағы оқиғалар жөнінде маңызды мәліметтерді қамтитын Осман дәуірінің құжаттары ғалымдардың назарынан тыс қалып жүргенін атап өтті.

Сонымен қатар, шара барысында Ш. Мұстафаев Түркі Академиясы әзірлеген экономика, лингвистика және әскери салаға қатысты терминологиялық сөздіктерді таныстырып, бұл бірегей еңбектерді Баку мемлекеттік университетінің кітапханасына сыйға тартты.