Түркі Академиясы мен Хаджеттепе университеті ғылыми әріптестікті нығайтуда

Бүгін, 26 ақпанда, Анкарада Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев пен Хаджеттепе университетінің ректоры Мехмет Джахит Гуран кездесіп, Академия мен Түркияның жетекші ғылыми және білім беру мекемелерінің бірі арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Түркі Академиясы жыл сайын ұйымдастыратын Түркі әлемі археологиясы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары қауымдастығының (ARICA) алдағы отырысына қатысты мәселелер қозғалды. Алғашқы форум Самарқандта өтсе, 2024 жылы Шуша ұйымдастырылған болатын. Биылғы басқосу Түркияда, Хаджеттепе университетінің және басқа да бірқатар ұйымдардың қолдауымен өткізілуі жоспарлануда. Осыған орай, тараптар алдағы іс-шара аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне тоқталды.

Сондай-ақ, кездесуде бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жас зерттеушілерге қолдау көрсету және академиялық ресурстармен алмасу сынды ынтымақтастықтың өзге де бағыттары қарастырылды.

Академия басшысы түркі әлемінің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатудың маңыздылығын алға тартып, бұл бастамалардың ғылыми байланыстарды нығайтуға әрі түркітану ғылымының дамуына ықпал ететінін айтты.

Өз кезегінде Хаджеттепе университетінің ректоры ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдіріп, Түркі Академиясының түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және насихаттау жөніндегі бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.