Түркі Академиясы Ыстанбұлда өткен Үйлестіру комитетінің отырысына қатысты
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевтің төрағалығымен өткен Түркі ынтымақтастық ұйымдарының қызметін үйлестіру комитетінің 5-ші отырысына қатысты.
Жиынға ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ түркі ынтымақтастығы ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Басқосу барысында Түркі ынтымақтастық ұйымдарының қызметін үйлестіру комитетінің жұмысы, мемлекет басшыларының саммиттерінде қабылданған шешімдерді іске асыру, сондай-ақ түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қадамдар талқыланды.
Жиында сөз алған Академия басшысы ұйымның өткен жылғы ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастық саласындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды. Ол Академия жүргізген зерттеулер, жарық көрген еңбектер мен ұйымдастырылған іс-шаралар туралы баяндап, қатысушылардың назарын алдағы 15 жылдық мерейтойға аударды. Осы орайда академик Шаһин Мұстафаев барша қатысушыларды Академияның мерейтойлық іс-шараларына қатысуға шақырды.