Академия басшысы Қарабаққа барды
2022 жылғы 19 маусымда IX жаһандық Баку форумының қатысушылары Қарабақ экономикалық ауданы – Физули мен Шушаға сапар жасады.
Сапар барысында қонақтар Әзербайжанның Қарабақ және Шығыс Зангезур экономикалық аудандарының қайта жаңартылған нысандарымен және даму барысымен танысты. Қатысушылар Физулиден кейін Шушаға келіп, IX жаһандық Баку форумы аясында «Әзербайжанның Қарабақ және Шығыс Зангезур экономикалық аудандарын қалпына келтіру және дамыту көзқарасы» тақырыбында өткен пленарлық отырысқа қатысты. Аталған басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен вице-президенті Физули Маджидли де қатысты. Жиын аясында Дархан Қыдырәлі Түркі академиясы әзірлеген көне түркі тілінде жазылған Құран кітабын таныстырып, Шуша Мемлекеттік қорық басқармасының төрағасы Мафтун Аббасовқа тарту етті. Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін қатысушылар Шуша қаласына саяхат жасап, Джыдыр Дюзю жазығы мен Шуша бекінісіне барды. Сондай-ақ Әзербайжанның танымал тұлғалары – Натаван, Бюльбюль және Узеир Гаджибейлидің ескерткіштерін көрді.