Академия басшысы Мажарстан Елшісі Отто Иван Ронаны қабылдады

2022 жылғы 20 мамырда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Ронамен кездесті.

Түркі академиясына арнайы келген Елші Отто Иван Рона ұйым басшысына Мажарстанның жуырда қайтадан сайланған Премьер-министрі Виктор Орбанның арнайы ризашылық хатын табыс етті. Премьер-министр Виктор Орбан өзінің құттықтау хатында Мажарстанда өткен Парламенттік сайлаудағы жеңісіне және Премьер-министр болып қайта сайлануына орай ұйым басшысы Д. Қыдырәлінің жолдаған құттықтауына алғысын білдіріп, Түркі академиясына бақылаушы мемлекет ретінде қатысуын зор мәртебе санайтынын және бауырлас халықтардың ынтымақтастығын нығайту жолында атқарып жатқан қызметін жоғары бағалайтынын жеткізді. «Мажарстан өзінің Халықаралық Түркі Академиясына бақылаушы ретінде қатысуын зор мәртебе санайды және біз ұйымның түркі әлемінің тарихи-мәдени дәстүрлерін сақтаудағы, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастығымызды ілгерілетудегі құнды жұмысына алғысымызды білдіреміз. Мен Мажарстан жұртшылығы мен Үкіметі алдағы жылдарда да ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылатынына кәміл сенемін», — делінген құттықтау хатта. Сонымен қатар кездесу аясында тараптар ынтымақтастықты одан әрі арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды пысықтады. Атап айтқанда, Дьёрдь Алмаши, Дьюла Немет, Иштван Қоңыр Мандоки және Шандор Петефи сынды мажар халқының көрнекті тұлғаларына арналған Академияның іс-шаралары жөнінде пікір алмасты.