Академия басшысы міндетін атқарушы «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі өркениеті» атты конференцияға қатысты

2022 жылдың 1 қарашасында Ыстанбұл қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі өркениеті» атты ғылыми конференция өтті.

Жиынды ТҮРКСОЙ ұйымы, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп өткізді. Ыстанбұл университетінде өткен жиынға Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Ыстанбұл университеті ректорының Махмут Ак, сонымен қатар, бауырлас Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия, елдерінің алаштанушы және түрколог ғалымдары қатысып, баяндама жасады. Конференцияның ашылуында сөз алған Түркі академиясы басшысының міндетін атқарушы Ф. Мәжидли Ахмет Байтұрсынұлының түгел түркі халқының руханиятына ықпал етіп, мемлекеттік-саяси жүйенің дамуына, тіл білімі мен ақпарат саласында ірі реформа жасаған көшбасшы болғандығын атап өтті. «Ахмет Байтұрсынұлы Алаш Орда үкіметінде қызмет еткенде түркі әлемінің бірлігіне, тұтас Түркістан идеясының қалыптасуына үлес қосты. Түркі бірлігін ту еткен күрескер тұлға, Башқұрт автономиясының жетекшісі Зәки Уәлиди Тоған және Әзербайжанның мемлекет, саяси қайраткері Мамед Эмин Расулзадемен идеялық тұрғыдан мүдделес болып күрес жүргізді. Бауырлас қырғыз халқынан шыққан Ишаналы Арабаев, Қасым Тыныстанов, татар-башқұрт зиялысы Ғалымджан Ибрагимовпен тізе қосып ұлы қызметтер атқарды», — деді Ф. Мәжидли. Конференцияны ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ешенқұлов Талғат Ілиясұлы жүргізіп отырды. Жиында барысында Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ұсынылған ахметтанушы-ғалым Райхан Имаханбеттің «Asrın Adamı» (Ғасыр адамы) кітабының және «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, конференция аясында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін танытуға арналған кітап көрмесі және ұлт ұстазының өмірі мен қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылып, «Қазақ өркениеті және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.