Академия басшысы «Номғон-2023» экспедициясының нәтижелерімен танысты

2023 жылдың 10 тамызында Ұланбатырда ХІІ Халықаралық моңғолтану конгресі өз жұмысын бастады.

Халықаралық Монголистика конференциясына қатысуға Моңғолияға іссапармен барған Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Архангай алқабында жүргізіп жатқан «Номғон-2023» ғылыми-археологиялық экспедициясының нәтижелерімен танысты. Былтыр Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Номғон жазығында бірлесіп жүргізген ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен табылған болатын. Жаңадан табылған Номгон ғұрыптық кешені барлық сипаттамасы жағынан Білге қаған мен Күлтегін ескерткіштеріне ұқсас. Бұған дейін Түркі академиясы Моңғолиядағы Шивээт-улан ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2016 жылы аталған алқапқа арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағаннның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалы тас, түрлі артефактілер табылып, олардың мерзімі анықталды. 2018 жылы кешеннің жан-жағы қоршалып, қамқорлыққа алынды. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде 2019 жылы Номғон экспедициясы басталды. Биыл да жалғасын тапқан қазба жұмыстар нәтижесінде Түрік қағандығы кезеңіне қатысты маңызды олжалар табылды. Бұдан бөлек Академия басшысы Номгон кешенінен 80 шақырым жерде орналасқан Өтүкен жазығындағы Күлтегін және Білге қаған кешендерімен танысып, әйгілі Қарақорым қаласының орнын көрді.