Академия басшысы Ташкентте жәдидшілдер қозғалысына арналған конференцияға қатысты
2023 жылдың 6-7 наурыз күні Ташкент қаласында «Жәдидшілердің ағартушылық қызметі: идеялары, мақсаттары, міндеттері және олардың Түркістанның дамуына қосқан үлесі» атты халықаралық конференция өтті.
Аталған шараны Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығы, Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Халықаралық Түркі мәдениеті және мирас қоры, Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарының мемориалы мемлекеттік музейі, Республикалық руханият және ағарту орталығы мен басқа да ұйымдар бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияның басында Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Сұлтанов Шавкат Мирзиёевтің қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Өз хатында Өзбекстан Президенті түркі ынтымақтастығы ұйымдарының басшылары мен өкілдеріне атсалысқаны үшін ризашылығын жеткізді. Конференцияның ашылу салтанатына Түркі академиясының президенті Шаин Мустафаев, Түркі мемлекеттер ұйымы Бас хатшысының орынбасары Мирвохид Азимов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Біләл Чакиджи, Түркі мәдениеті және мирас қорының жоба директоры Мирбек Қарабаев қатысып, сөз сөйледі. Конференцияға АҚШ, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Германия, Ресей және басқа елдерден 120-дан астам жетекші халықаралық сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Конференцияның құрметті қонағы ретінде сөз алған Академия басшысы Шаһин Мустафаев аталған шараның маңыздылығына тоқталды. «Түркі мемлекеттерінің интеграциялық үдерісі жаңа кезеңге аяқ басқан кезеңде қазіргі интеллектуалдық әлеміміздің сәулетшілері болып табылатын жәдидшілер туралы бұл шараны ұйымдастыруды өз басым өте маңызды деп санаймын. Конференцияның түркі өркениетінің бесігі және жәдидтік қозғалыстың маңызды орталықтарының бірі болып табылатын Өзбекстанда өтуі өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда ортақ құндылықтарға ие Түркі әлемі туралы айта алатын болсақ, бұл XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында өмір сүрген жәдидшілдердің еңбегі. Сондықтан аласапыран заманда өмір сүріп, халқының жаңа дәуірге бейімделуіне мұрындық болған жәдид зиялыларымызды құрметпен еске аламын. Олардың мұрасын қорғап, мұраттарын келешек ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Осы тұрғыда Түркі академиясы өз міндетін орындауға тырысуда. Биыл біз «ХІХ-XX ғасырдың басындағы түркі ағартушылығы: Өмірбаяндар» атты жобаны бастаймыз. Жобаның нәтижесінде 3 томдық еңбек шығаруды қолға алып отыр. Аталған еңбектер түркі халқының жәдидшілерді жақсы түсініп, тануына, олардың ой-пікірлерін жас ұрпаққа сіңіруге қызмет етеді деп сенеміз”, ̶ деді Академия басшысы. Айта кету керек, ХІХ ғасырдың аяғында ХХ ғасырдың басында Түркістанда пайда болған жәдидтер қозғалысының басты мақсаты қоғамды дамыту үшін қажетті барлық салаларға жаңашыл идеяларды енгізу болды. Бұл үдеріс жәдидтердің көз алдында Түркістан халқының өмір салтын өзгертуге, оның әлеуметтік-рухани санасын қалыптастыруға мүмкіндік берген басты фактор болды.