Академия басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің 14-ші отырысына қатысты
2023 жылдың 18 қазан күні Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің 14-ші отырысы өтті.
Отырысқа ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың басшылары мен дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.
Басқосуда Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев және ұйымға мүше мемлекеттердің ақсақалдары сөз сөйледі.
Жиында сөз алған Түркі Академиясының президенті Ш.Мұстафаев қатысушыларға ұйымның ортақ түркі әліпбиі мен терминологиясын әзірлеуді үйлестіру бағытында атқарған жұмыстары туралы баяндады. Аталған екі бағыт 2021 жылы ТМҰ елдері Мемлекет басшыларының VIII саммитінде қабылданған «Түркі әлемінің келешегі - 2040» құжатында атап өтілген.
Сондай-ақ, Ш. Мұстафаев осы бағыттағы жұмыс аясында Түркі Академиясы ТМҰ Хатшылығы жанынан Ортақ әліпбиі комиссиясы құрылғанын жеткізіп, оның отырысына ТМҰ елдерінің тіл саясатына жауапты мемлекеттік мекемелері өкілдерінің және олар ұсынған сарапшылардың қатысқанын мәлімдеді.
Айта кету керек, 2023 жылдың 29 мамырында Астана қаласында Түркі Академиясы мен Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғарғы құрылымына қарасты Түрік тілі қоғамымен бірлесіп Ортақ әліпби комиссиясының алғашқы отырысын ұйымдастырған болатын.
Алқалы жиын барысында Ақсақалдар кеңесі ТМҰ Хатшылығымен алдағы уақытта Қазақстанда өтетін ТМҰ мерейтойлық Саммитінінің күн тәртібі мен қабылданатын шешімдерге қатысты өз пікірлері және ұсыныстарымен бөлісті.