Академия басшысы VI әлемдік мәдениетаралық форумға қатысуда

Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев Бакуде өтіп жатқан «Бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздік үшін диалог: ынтымақтастық және өзара іс-қимыл» атты VI әлемдік мәдениетаралық форумына қатысуда.

Атап өту керек, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев алқалы жиынға арнайы қатысып, форум жұмысына сәттілік тіледі. 1-3 Мамыр аралығына жоспарланған халықаралық форум барысында пленарлық сессия және бірнеше панелдік отырыстар ұйымдастыру жоспарланған.

“Ынтымақтастық көкжиектері: Жібек жолының заманауи динамикасы және жаһандық ықпалы” атты панельдік сессияда сөз кезегін алған Академия президенті Шаһин Мұстафаев жаһандану кезеңінде Жібек жолы экономикалық белдеуінің қайта жандануы осы тарихи белдеудің бойындағы елдерге экономикасын дамытып, ынтымақтастықты ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Форумға әлемнің 100-ден астам елінен жиылған 700-ге жуық қатысушылары қатарында халықаралық ұйым басшылары мен бірқатар мемлееттің министрлік өкілдері бар.

Айтулы іс-шараны Әзербайжан Мәдениет министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер Альянсы (UNAOC), ЮНЕСКО, ICESCO және БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы секілді халықаралық құрылымдардың қолдауымен ұйымдастырған.