Академия басшысы ЮНЕСКО Ұлттық комиссияларының отырысына қатысты
2022 жылғы 13 мамырда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Бурса қаласында ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің ЮНЕСКО ұлттық комиссияларының VIII жиынына қатысты. Сонымен қатар, алқалы жиынға Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли де қатысты.
Түркі әлемінің мәдени астанасы — Бурса қаласында өткен іс-шарада Академия басшысы ұйымның ЮНЕСКО аясында атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары жайында баяндама жасады. Атап айтқанда ол Түркі академиясының ЮНЕСКО-мен бірлесіп «Қорқыт ата мұрасы және түркі әлемі», «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» халықаралық халықаралық форумдары, «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: түрік тілі өткеннен болашаққа», «Ұлы дала: Мәдени мұра және оның әлемдік тарихтағы рөлі», Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналған іс-шаралар өткізгеніне тоқталды. Жиын аясында Түркиядағы ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясының төрағасы Оджал Огуз Түркі академиясының ЮНЕСКО-мен әріптестікті дамытудағы еңбегін жоғары бағалап, ұйым басшысы Д. Қыдырәліге Түркі әлемінің мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін ЮНЕСКО Түркия Ұлттық комиссиясы төрағалығының сыйлығы табыс етті. Өз кезеінде Д.Қыдырәлі Түрік әлемінің мәдени байланыстарын нығайтуға сіңірген еңбегі үшін Оджал Огузды Түркі академиясы тағайындаған “Әлішер Науаи” Алтын медалімен марапаттады.