Академия президенті Бозоқ археологиялық ескерткішіндегі этнографиялық мерекеге қатысты
2023 жылдың 10 маусым күні Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған Алтын Орда кезеңінің тарихи-мәдени мұраларын ұлықтауды көздейтін «Бозоқтан Ұлытауға дейін» экспедициясының ашылуы аясындағы «Сарыарқаның көне жолдары» атты республикалық этнографиялық мерекесіне қатысты.
Бозоқ ескерткіші аумағында өткен аталған ісшара осы тарихи нысандағы археологиялық қазба жұмыстарының 25 жылдығына, ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына, сондай-ақ Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияның қабылдануының 20 жылдығына және Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту туралы тұжырымдаманың 10 жылдығына арналды. Ә.Марғұлан атындағы Археология институты филиалының жетекші ғылыми қызметкері Серғазы Сәкенов Бозоқ архелогиялық ескерткіші туралы мәліметтер беріп, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. VII - IX ғасырлардағы түркі дәуіріне жататын аталған ескерткішті 1998 жылы көрнекті қазақ археологы Кемел Ақышев ашқан болатын. Осылайша Астана қаласы маңындағы Бозоқ тарихи ескерткішінен басталған салт аттылар экспедициясы Ақмола облысының Целиноград ауданын, Қарағанды облысының Нұра ауданын және Ұлытау облысының Ұлытау ауданын қамтиды.