Академия президенті Этвеш Лоранд зерттеулер желісінің (ELKH) вице-президентімен кездесті
2023 жылғы 5 маусым күні Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Мажарстанға сапары барысында Будапешт қаласында Этвеш Лоранд зерттеулер желісі (ELKH) вице-президенті Йожеф Бокормен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі ұйым арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Өз кезегінде Академия басшысы жаңа жобалар мен Мажарстан бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді. Бүгінде Мажарстандағы 11 зерттеу орталығын, 7 ғылыми-зерттеу институтын және 116 әртүрлі ғылыми зерттеулермен айналысатын топтарды біріктіретін іргелі ұйым Түркі Академиясының жобаларына атсалысуға ниетті екенін білдіріп отыр. Кездесуге сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымы Мажарстандағы өкілдігінің бас директоры Янош Ховари мен жобалар жөніндегі директоры Қанат Ыдырыс қатысты. Кездесу соңында Шаһин Мұстафаев Йожеф Бокорға көрнекті мажар ақыны Шандор Петөфидің Академия баспаға әзірлеп шығарған “Махаббат пен бостандық” атты қазақ тіліндегі өлеңдер жинағын сыйға тартты.