Академия президенті түркі халықтарының тілдері форумына қатысты
2023 жылдың 21 қыркүйегінде Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында түркі халықтарының тілдерне арналған халықаралық форум басталды.
ТҮРКСОЙ Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен ұйымдастырған екі күндік ғылыми іс-шараға Әзербайжан, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия және Ресей елдерінен 200 ғалым қатысуда. Тілдер форумының ашылу салтанатына Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Касмамбетов, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гүнай Ефендиева, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғарғы құрылымының басшысы Деря Өрс, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетқан Шерімқұлов, Қырғыз Республикасы Жокорку Кенеші Төрағасының орынбасары Нұрбек Азығалиев, Түрік тілі қоғамының төрағасы Осман Мерт, сонымен қатар, бауырлас елдердің елшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Сүйінбек Қасмамбетов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың форумға қатысушылар мен қонақтарға арнайы жолдаған құттықтауын оқып берді. «Түркі әлемінің бірлігін нығайтуға қызмет етіп жатқан ТҮРКСОЙ, Түркі Академиясы, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мирасы қоры, ТИКА, Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты мемлекеттік және халықаралық ұйымдар күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынуда тиімді әрекет етуде» делінген Президент С. Жапаров жолдаған құттықтауда. Шараның ашылу салтанында сөз алған Академия президенті Шаһин Мұстафаев түркі халықтарының «Орхон-Енисей жазбалары», «Диуан-Лұғат-ит-түрк» сияқты тарихи жазба ескерткіштерің зерттелу жайы туралы баяндап, Түркі Академиясының ортақ әліпби мен түркі халықтарының тарихына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ, түркі әлемі халықтарын біріктіретін, бір-бірімен байланыстыратын алтын арқаулардың бірі – тіл екендігін айтып, осы орайда Түркі Академиясының мақсаты түркі әлемінің ғылым және білім саласында интеграциялық үдерістерге қолдау көрсету екенін атап өтті.