АКАДЕМИЯ ПРЕЗИДЕНТІ ТҮРКПА-ның ХІІІ ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін, 6 маусым күні Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Бакуде Түркі Мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) ХІІІ пленарлық отырысына және Ассамблея кеңесінің жиынына қатысты.

Алқалы басқосуға Академия басшысымен қатар, ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттер парламентінің тиісті палаталарының төрағалары, ұйымның бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, түркі интеграциясы аясындағы өзге халықаралық ұйымдардың басшылары және мүше мемлекеттер парламентінің депутаттары қатысты.

Айта кету керек, түркі мемлекеттері парламенттері басшыларының бүгінгі кездесуі "Түркі Әлемі алдындағы жасыл көкжиектер: жасыл күн тәртібіне қол жеткізудегі парламенттердің рөлі" тақырыбына арналды.

Жиында сөз сөйлеген Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев Парламенттік Ассамблеяның бауырластық байланыстарды нығайтудағы маңызына тоқталып, жиынға арқау болған бағытта Академияның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап берді.

Басқосуда Ассамблеяның жаңа туы мен логотипі таныстырылды. Сонымен қатар барысында ТҮРКПА төрағалығын Түркиядан Әзербайжан тарапы қабылдап алды.

ТҮРКПА-ның XIII пленарлық отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар Баку декларациясын қабылдады.