Алматыда кітап оқу мәдениетін жаңғырту мен ұлттық әдебиеттерді дамыту мәселелеріне арналған конференция өтті

Алматыда ЮНЕСКО қамқорлығымен Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының ұйымдастыруымен «Оқуға құштар ұлттың қайта жаңғыруы» атты VI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Аталған іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей мен Францияның белгілі әдебиетшілері мен жазушылары қатысып, ұлттық әдебиеттердің дамуы, мәдениетаралық диалогтың нығаюы және олардың ХХІ ғасырда білім қоғамын қалыптастырудағы рөлі туралы пікір алмасып, ой бөлісті.

Конференция ЮНЕСКО-ның 2022-2029 жылдарға арналған Орта мерзімді Стратегиясы аясында ұйымдастырылды және халықаралық деңгейде жергілікті халықтардың тілдері мен мәдениетін сақтау, сондай-ақ білім қоғамдарын құру бойынша ЮНЕСКО бастамаларына қолдау көрсету мақсатында өткізілді.

Іс-шараға қатысушылар арасында ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры, Қазақстанның халық жазушысы әрі ақыны Олжас Сүлейменов, Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Академиялық пальмалар орденінің кавалері, Францияның тарихшысы әрі профессоры Альберт Фишлер, Әзербайжанның халық жазушысы Эльмира Ахундова, сондай-ақ ЮНЕСКО Алматыдағы өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич болды.

Асхат Кесікбаев өз сөзінде конференцияға қатысушыларға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың ізгі лебізін жеткізіп, ұйымның 2023 жылы атқарған маңызды істерін атап өтті. Ол Түркі Академиясы түркітану саласындағы ғылыми еңбектерді зерттеу, жариялау және кеңінен тарату жұмыстарымен жүйелі түрде айналысатынын айтты. Сондай-ақ, Академия кітапханасында Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Ахмет Заки Валиди Тоған және Иштван Конгур Мандоки сияқты ұлы ғалымдардың жеке мұрағаттарынан және әлемнің жетекші академиялық орталықтарынан жиналған 70 000-ға жуық құнды еңбектер сақталып отырғанын ерекше атап өтті.

Академияның электронды басылымдары ұйымның ресми сайтында және «Аталар мұрасы» бірегей порталында қолжетімді. Бұл портал түркі халықтарының үш мың жылдан астам тарихы мен мәдениетін қамтитын материалдармен танысуға мүмкіндік береді, оның ішінде мәтіндер, транскрипциялар, аудармалар және факсимилелері бар.

Академия 2023 жылы көптеген ғылыми еңбектерді жариялаған болса, 2024 жылы түркі әлемінің бай мәдени мұрасын зерттеу мен сақтау аясында 50-ден астам кітап шығаруды жоспарлап отыр.

Іс-шара «оқуға құштар ұлт» идеясын ілгерілету мен халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайту үшін маңызды қадам болды.

Конференция барысында Түркі Академиясы мен ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық Мәдениеттерді Жақындастыру Орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.