Алматыда Әл Фараби күніне орай ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды

Бүгін, 21 тамызда, Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев Алматы қаласында өткен “Әл Фараби әлемі ең басты ұлттық құндылық” атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Ғылыми шара «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы мен «ӘЛ-ФАРАБИ» халықаралық орталығының жетекшілігімен, сондай-ақ, Түркі Академиясы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және өзге де ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылды.

Басқосуға аталған кітапхана басшысы Ұлар Мұқажанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мудеррисоглу, ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы директорының орынбасары Игорь Крупко және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері қатысты.

Пленарлық мәжіліс барысында сөз сөйлеген Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев Академия президенті Шаһин Мұстафаевтың атынан барша қатысушыларды Әл Фараби күнімен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.

Ғылыми басқосу Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезовтың туғанына 80 жыл, Алматы қаласында өткен Азия мен Африка елдері жазушыларының 5-конференциясының 50-жылдығына және Түркі халықтары мәдени қорының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтық Университетінің «Әл-Фараби» кітапханасының мәжіліс залында бастау алған іс-шара кейін тақырыптық талдауларға арналған алаңға және мұражай мен кітап көрмелері сынды мәдени бағдарламаларға ұласты.