Алматыда Түркі Академиясы шығарған ғылыми еңбектердің тұсаукесері өтті
Бүгін, 2024 жылдың 7 қазанында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркі Академиясы шығарған ғылыми еңбектердің тұсаукесеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің проректоры Еркін Дүйсенов, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлу, ғылыми зерттеу институттарының басшылары және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Таныстырылған басылымдардың арасында Түркі Академиясының бастамасымен алғаш рет қазақ тіліне аударылған қырым татарларының көрнекті өкілі, түрколог ғалым Бекир Чобанзаденің таңдамалы ғылыми туындыларының «Тілтұтқа» атты жинағы болды. Аталған кітапқа автордың көпжылдық зерттеулерінен құралған көптомдығындағы еңбектері енді.
Сонымен қатар, іс-шарада Түркі Академиясының «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері» жобасы аясында жарық көрген экономика, тіл білімі және әскери салалар бойынша терминдер сөздіктері көпшілік қауымға таныстырылды. Көптеген тамырлас елдердің білікті мамандары бірлесе еңбек еткен бұл жоба ғылыми терминологияны біріздендіру және түркі елдерінің ғылыми қауымдастықтарын жақындастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Бұдан бөлек, іс-шарада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың түркі-моңғол тілдік параллельдерін зерттеушілер үшін жаңа көкжиектерді ашатын монографиясы оқырман назарына ұсынылды.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев қатысушыларға Академия президенті Шаһин Мұстафаевтың ізгі тілектерін жеткізді. Ол әрбір жаңа басылымның маңыздылығын атап өтіп, бұл тек ғылыми еңбек қана емес, сонымен қатар түркі халықтарының мәдени және тарихи мұрасын сақтау бағытындағы елеулі жаңалық екенін айтты.
Айта кету керек, биыл Түркі Академиясы бауырлас елдер ғылымы қазынасына қосылған елеулі олжа саналатын, көптеген тың тақырыптық бағыттарды қамтитын 64 аталым бойынша еңбектер шығаруды жоспарлап отыр.