Алматыда түркі халықтарының ұлттық спорт түрлерінің тарихи мұрасы талқыланды
Бүгін, 30 қарашада, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Түркі халықтарының ұлттық спорт түрлері: тарихи-танымдық бағдарлар, құндылықтар, тәжірибелер» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Түркі Академиясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Әл-Фараби орталығы және Түркі халықтары философия қоғамының Қазақ комитетімен бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел барысында ғалымдар, зерттеушілер мен мәдениет саласының өкілдері түркі халықтарының ұлттық спорт түрлері мен ойындарының философиялық, тарихи және мәдени қырларын талқылады. Этноспорттың қалыптасуы мен дамуына, оның мәдени-философиялық маңызына, дәстүрлі ойындарды жаңғыртудың өзекті мәселелеріне, сондай-ақ Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына байланысты әлеуметтік-тарихи перспективаларға ерекше мән берілді.
Түркі Академиясы түркі халықтарының бай дәстүрлері мен мәдени мұрасын, оның ішінде этноспорт пен ұлттық ойындарды зерттеуге және насихаттауға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдайды.
Дөңгелек үстелде ұсынылған ғылыми баяндамалар конференция материалдарының электронды жинағына енгізіліп, осы саладағы болашақ зерттеулер үшін маңызды ақпарат көзі болмақ.