Алматыда Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған ІІ Түркі мемлекеттілігі тарихы конгресі өтуде

Бүгін, 4 қазанда "Шыңғыс хан әулеті дәуіріндегі түркі халықтарының мемлекеттілігі" тақырыбында ІІ Түркі мемлекеттілігі тарихы конгресінің ашылуы өтті. Халықаралық іс-шараны Түркі Академиясы Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих Жоғары кеңесі жанындағы Түрік тарихи қоғамы және ҚР ҒЖБМ Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтымен бірлесе ұйымдастырды.

Конгресс түркі әлемі мен жалпы Еуразияның тарихында маңызды рөл атқарған Жошы Ұлысының 800 жылдығына орайластырылған болатын. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда бұл тарихи мерейтой ресми бекітілгенін атап өткен жөн.

Іс-шараға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Түрік тарихи қоғамының басшысы Юксел Өзген, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев және Жошы Ұлысын зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов қатысты. Сондай-ақ, халықаралық Конгресс түркі мемлекеттерінің жетекші ғалымдары мен дипломатиялық корпус өкілдерін, сондай-ақ Моңғолия, Корея, Ресей, АҚШ, Австрия, Болгария және Украинадан келген қатысушылардың басын қосты.

Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мұндай іс-шара ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, түркі халықтарының тарихына объективті, нақты деректерге негізделген көзқарасты ілгерілетуге ықпал ететінін айтты.

«Тарих – ұлттық бірегейліктің негізі», – деді Мұстафаев. «Алайда біз тарихи фактілердің бұрмалануы бауырлас халықтар арасында да қақтығыстар тудыра алатынын байқай аламыз. Біздің міндетіміз – осындай манипуляциялардың алдын алу және барлық түркі халықтарына түсінікті болатын баяндамалар жасау».

Айта кетейік, бірінші Конгресс өткен жылы Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткізілген болатын.

Конгресс барысында түркі халықтарының саяси тарихына және олардың мәдениетінің дамуына айтарлықтай әсер еткен Шыңғыс хан дәуірі басты тақырып болды.

«Шыңғыс хан кезеңі түркі халықтарының саяси және этникалық тарихына зор ықпал етті. Оның маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес – бұл сол кезеңдегі ортақ түркі кеңістігіндегі халықтарды жаңа, жаһандану дәуіріне жетелеген кезең болды», – деді Академия президенті.

Екі күн бойы жалғасатын конгрес барысында ғалымдар Шыңғыс хан дәуіріндегі түркі мемлекеттерінің тарихының әртүрлі аспектілері бойынша баяндамалар ұсынбақ.