Анкарада Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының VII Бас ассамблея отырысы өтті
Бүгін, 27-мамырда Анкара қаласында Түркі әлемі Ұлттық Ғылым академиялары одағының (ТӘҰҒАО) VII Бас ассамблеясының отырысы өтті.
Түркі Академиясы ұйымдастырған жиынға Академия президенті Шаһин Мұстафаев, Түркі мемлекеттер ұйымы (ТМҰ) Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, сонымен қатар ТӘҰҒАО-ға мүше мемлекеттер мен республикалардың Ұлттық Ғылым академияларының президенттері, Түркияның ғылыми-техникалық зерттеулер кеңесі (TÜBİTAK) басшылығы, университет ректорлары және өзге де бірқатар лауазымды тұлғалар қатысты.
Ассамблея отырысының күнтәртібінде өткен жылы Алматы қаласында өткен алтыншы жиында қабылданған шешімдерді жүзеге асыру үшін нақты қадамдар ұсынылып, түркі әлеміндегі кеңейтілген ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыт-бағдарларын айқындайтын бастамалар талқыланды.
Түркі Академиясы тарапынан ғылыми ынтымақтастықтың тетіктері мен ортақ платформалары, түркі халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін және тілдерін зерттеу, ғылыми жұмыстардың бірыңғай деректері базасын құру, экология және су ресурстарын басқару бойынша бастамалар, сонымен қатар жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру жөнінде осыған дейін атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған жобалар бойынша есеп беріліп, жаңа ұсыныстар ортаға салынды.
Шараның ашылу салтанадында сөз сөйлеген Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев алтыншы жиында қабылдаған маңызды шешімдердің Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы үшін үлкен серпіліс болғанын атап өтті.
Айта кетейік, Түркі Академиясы 2015 жылы құрылған Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының (ТӘҰҒАО) Хатшылығының міндетін атқарып келеді. Одақтың негізгі мақсаты түркі қоғамдары арасында ғылым мен білім саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ықпалдасу болып табылады.
Басқосу барысында Татарстан Республикасы (Ресей Федерациясы) Ғылым академиясы президентінің орынбасары Айнұр Тимерханов Түркі мемлекеттері Ұлттық Ғылым академиялары одағының ісбасындағы төрағалығын Түркия тарабына табыстады. Өз кезегінде Түркия Ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер татарстандық әріптестеріне Одақ төрағалығын табысты атқарғаны үшін ризашылығын білдірді.
Отырыс соңында тараптар Ғылым академиялары одағына төрағалық ету мерзімін екі жылға ұзартуға, қабылданған бастамаларды жүзеге асыру үшін жол картасын әзірлеуге және бірқатар ұсыныстар бойынша арнайы жұмыс топтарын құруға уағдаласып, қортынды хаттамаға қол қойды. Сондай-ақ, қатысушылар ТӘҰҒАО Хатышылығы міндетін атқаратын Түркі Академиясының маңызды рөлін атап өтіп, қабылданған шешімдерді тиімді жүзеге асыратынына сенім білдірді.