Анкарада «Түркі Барометрі – 2023» әлеуметтік зерттеуінің қорытындысы таныстырылды

2023 жылдың 25 желтоқсан күні Анкара қаласында Түркі Академиясы және Гази университеті жанындағы Түркі әлемі қолданбалы және ғылыми зерттеулер орталығымен (TÜRKDAM) бірлесіп «Түркі барометрі – 2023: түркі мемлекеттеріндегі бірегейлік және мәдени ықпалдастық зерттеулері» әлеуметтік сауалнамасының қорытындысын таныстырды.

Анкара қаласындағы Гази Университетінде өткен басқосуға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Гази университетінің проректоры Юджел Гелишли, Түркия Республикасы Президентінің бұрынғы бас кеңесшісі, ТМҰ Ақсақалдар ұйымының бұрынғы мүшесі Мұстафа Исен және түркі мемлекеттеріндегі ғылыми-зерттеу орталықтарының әлеуметтанушылары мен сарапшылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты зерттеудің негізгі нәтижелерін ұсыну, талқылау және тарату үшін тиісті ғалымдар мен саясаткерлерді біріктіру болып табылады. Жиында қатысушылар өзара іс-қимылды қолдай отырып, түркі әлеміндегі интеграциялық процестерді одан әрі нығайтуға бағытталған орамды ойлары мен пайымды пікірлерін ортаға салды.

Түркі Академиясының президенті Ш.Мұстафаев өз сөзінде аталған зерттеу бауырлас мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды түсіну және алдағы болжамдары айқындау үшін маңызды бағдар болып табылатынын атап өтті. «ТҮРКІ БАРОМЕТРІ — бұл Түркі академиясының күнделікті тұрмыс пен бизнеске қатысты қажеттіліктер мен басымдықтарды бағамдау мақсатында түркі мемлекеттеріндегі қоғамдық өмір тынысының әртүрлі аспектілерін, сондай-ақ негізгі әлеуметтік-экономикалық үрдістер мен мәдени құндылықтарды зерттейтін кешенді зерттеу жобасы», — деді.

Сондай-ақ, ол түркі мемлекеттері өзара тығыз қарым-қатынас пен бауырластық байланыстардың нәтижесінде жаһандық аренада бірге алға жылжи бастағанын атап өтіп, бұл тұрғыда аталған процеске ықпал ететін академиялық зерттеулердің маңыз зор екенін айтты.

Басқосу аясында «ТҮРКІ БАРОМЕТРІ-2023» әлеуметтік зерттеуінің маңызды көрсеткіштері визуалды суреттермен ұсынылып, тиісті салалардағы ғалымдармен интерактивті панельде талқыланды.

«ТҮРКІ БАРОМЕТРІ-2023» нәтижелерімен Түркі Академиясының ресми сайтынан танысуға болады.

«ТҮРКІ БАРОМЕТРІ» жобасы – Түркі Академиясының бастамасымен Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан Республикаларына қатысты қоғамдық пікірді зерттеу үшін жүргізетін еларалық әлеуметтанулық зерттеу. Аталған түркі мемлекеттері тұрғындарының қоғамдық пікірін зерделеу – Түркі мемлекеттері ұйымы аумағында болып жатқан белгілі бір процестерге азаматтардың көзқарасын түсіну, әлеуметтік-мәдени ынтымақтастық пен коммуникация формаларын жандандыру бағыттарын іздеу үшін маңызды.