Анкарадағы басқосуда Түркі елдері экономикасын цифрландыру талқыланды
Түркі академиясы мен Түркі мемлекеттері ұйымының хатшылығы бірлесіп 2023 жылдың 25 желтоқсанында Анакара қаласында «Түркі елдері экономикасының цифрлық сауда және инвестициялық әлеуетін арттыру» атты басқосу ұйымдастырды. Іс-шара Академияның Экономикалық саясатты зерттеу ресми орталықтарының түркі желісімен (ERCNET) бірлесіп дайындаған «Түркі елдерінің экономикасы – 2023: цифрлық сауда және инвестиция» бойынша баяндаманы таныстыруға арналды.
Келелі кеңес түркі елдеріндегі цифрлық сауда мен инвестициялық әлеуетіндегі қиындықтар мен мүмкіндіктерді талқылау үшін ERCNET-ке қатысушы институттарды, танымал сарапшыларды, саясаткерлерді және әртүрлі секторлардың өкілдерін, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді, ғалымдарды және бизнес құрылым басшыларының басын қосты.
Басқосу Түркі Академиясының президенті, профессор, доктор Шаһин Мұстафаевтың, Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Мұстафа Тузжу мырзаның және Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмуралиевтің құттықтау сөздерімен басталды.
Жиында сөз алған Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев бүгінгі таңда цифрландыру экономикалық өсу мен дамудың маңызды драйверіне айналғанын атап өтті. Академия басшысы ERCNET туралы кеңірек баяндап, таныстырылып отырған түркі елдері экономикаларындағы «Цифрлық сауда және инвестиция» жөніндегі 2023 жылдың есебін цифрлық сауданың қазіргі жағдайын бағамдау және инвесторларды ынталандыру үшін маңызды дереккөз екенін айтты.
Сонымен қатар Ш.Мұстафаев баяндамадағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, түркі елдерінің экономикасы цифрландыру бағытында айтарлықтай өзгерісті бастан кешіріп жатқанын айтты. «Бәрінің де цифрлық даму қарқыны жоғары деңгейде және соңғы онжылдықта электрондық үкіметтерді айтарлықтай дамытып, азаматтардың қатысуы мен қызмет көрсету сапасын жақсартты. Түркі елдеріндегі кәсіп иелері еларалық саудамен айналысуда цифрлық платформаларды жиі пайдалана бастады», – деді ол.
Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Мұстафа Тузжу мырза түркі елдерінің сауда айналымын арттыру, экономикалық және коммерциялық интеграцияға қол жеткізу жолындағы күш-жігерін ынталантыра түсуге болатынын айтты. Оның ойынша, «Түркі елдерінің экономикасы – 2023: цифрлық сауда және инвестиция» баяндамасы осы мақсатқа қызмет ете алады. «Есепте көрсетілгендей, цифрлық трансформация алдағы кезеңде жаһандық экономикамен тиімді интеграцияны қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті, тұрақты экосауда жүйесін құру үшін өте маңызды», – деді ол.
Өз сөзінде Тузжу мырза Транскаспий Шығыс-Батыс-Орта дәліздерінің маңыздылығына тоқталып, оның түркі елдері арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуға ықпалы зор екенін айтты. Ол Зензегур дәлізі ашылғаннан кейін түркі мемлекеттері арасында біртұтас байланысқа қол жететін атап өтті.
Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмуралиев қызметі «Түркі мемлекеттері ұйымының 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясында» және «Түркі әлемінің келешегі-2040» бағдарламасында көрсетілген мақсаттарға сәйкес келетін ERCNET-тің маңыздылығын атап өтті. Ол «Түркі елдерінің экономикасы – 2023: цифрлық сауда және инвестиция» баяндамасының түркі елдері арасындағы тенденцияларды бағамдап, саяси ықпалдастыққа оң әсер ететінін және экономикалық қатынастарды дұрыс бағдарлауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Аталған Зерттеудің алда жоспарланып отырған «Цифрлық экономика бойынша әріптестік» келісіміне жол ашатынын атап өткен К. Өмуралиев түркі елдерінің экономикалары арасындағы цифрлық байланыстың стратегиялық маңызы жоғары екенін айтты және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерді цифрлық экономиканы дамытуға басымдық беруге шақырды.
«Түркі елдерінің экономикасы – 2023: цифрлық сауда және инвестиция» баяндамасында арқау болған негізгі көрсеткіштерді, трендтерді және талдауларды жариялауға ERCNET-ке мүше институт өкілдері белсенді қатысты. Таныстыру рәсімі түркі елдерінің экономикасы контекстіндегі сауда мен инвестицияны цифрландырудың маңыздылығын түсінуге негіз болатын кіріспеден басталды. Одан кейін талқылаулар түркі елдерінің табысты мысалдары мен озық тәжірибелерімен бөлісуге бағытталды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары түркі елдері арасындағы трансшекаралық электрондық сауданы дамыту және инвестиция көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарды цифрландыруға және түркі елдерінің экономикасындағы цифрлық инфрақұрылымды жақсартуға қатысты қиындықтар мен мүмкіндіктерді қамтыды. Сонымен қатар, қатысушылар цифрлық төлем жүйелерінің қажеттілігі, сенімді киберқауіпсіздік желілерін дамыту және цифрлық сауда мен инвестицияның өсуіне серпін беретін реформалар жүргізу мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек олар түркі елдерінің цифрландыру саласындағы ынтымақтастығын арттырудың әлеуетті мен артықшылықтары туралы пайымдарымен бөлісті.
Отырысқа ERCNET-тің төмендегі мүше мекемелері қатысты:
• Әзербайжан Республикасының Экономикалық реформаларды талдау және коммуникация орталығы
• Әзербайжан Республикасы Экономика министрлігінің Экономикалық ғылыми-зерттеу институты
• Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институты
• Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының Экономикалық зерттеулер орталығы
• Түркия Республикасы Сауда министрлігіне қарасты Сауданы зерттеу және тәуекелдерді бағалау бас басқармасы
• Өзбекстан Президенті Әкімшілігі жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығы
• Венгрия халықаралық қатынастар институты
• Шығыс Жерорта теңізі университеті.