Анталия Дипломатиялық форумы – 2024: әлемдік көшбасшылар өзекті мәселелерді шешу үшін жиналуда
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев әлемнің 147 елінен өкілдер жиылған Анталия дипломатиялық форумының (ADF) мәртебелі меймандары қатарында.
Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен өтіп жатқан форумға 4500-ге жуық қонақ қатысса, олардың арасында мемлекет басшылары, министрлер және халықаралық өкілдер бар.
Іс-шара аясында көптеген өзекті жаһандық мәселелер бойынша жан-жақты пікірталастар ұйымдастырылмақ.
«Дағдарыс жағдайында дипломатияны дамыту» тақырыбындағы форум климаттың өзгеруі, жаһандық миграция, сауда, қақтығыстар мен жасанды интеллектке дейінгі мәселелерді қамтиды деп күтілуде.
1-3 наурыз аралығына жоспарланған биылғы шараға өткен жылдармен салыстырғанда қатысушылар саны айтарлықтай еселене түскен.
Дипломатиялық және саяси қайраткерлерден басқа, жиынға әртүрлі секторлардың, соның ішінде академиялық, азаматтық қоғам мен іскерлік қауымдастық өкілдері шақырылған.
Ауқымды іс-шара гуманитарлық дәліздерді қолдаудан дипломатиялық кездесулерді жеңілдетуге дейін жаһандық ауқымдағы диалог пен ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаң болып табылады.