Астанада 65-ші Халықаралық Алтаистика Конференциясы өтіп жатыр
Бүгін 2023 жылғы 31 шілдеде Қазақстан елордасы Астана қаласында Түркі Академиясының қолдауымен Алтай тілдер тобына жататын халықтардың тарихы мен мәдениетін, тілі мен этнологиясын зерттеуге арналған Тұрақты халықаралық алтаистика конференцияның (PIAC) 65-ші мерейтойлық отырысы басталды.
Назарбаев университетінде өтіп жатқан іс-шараға ТМҰ-ға қатысушы елдердің, сондай-ақ Германия, Франция, Мажарстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Корея және Жапониядан 40-қа жуық алтайтанушы-ғалымдар қатысуда. Шараның ашылу салтанатында Түркі Академиясының президенті Шаин Мұстафаев, Тұрақты халықаралық алтаистика конференцияның (PIAC) Бас хатшысы Оливер Корфф, PIAC 65-ші отырысының президенті Юлай Шамильоглу, Назарбаев Университеті ректорының міндетін атқарушы Лоретта О ' Доннелл, Назарбаев Университеті жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар мектебі деканының міндетін атқарушы Антон Десятников, PIAC 65-ші отырысының президенті Ерден Қажыбек сөз сөйледі. Түркі Академиясының басшысы өз сөзінде Алтай өңірінің түркі халықтары үшін де маңызы зор қастерлі мекен екеніне тоқталып, осындай бағыттағы іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. "Еуразияның кең аумағында тұратын түркі халықтары Алтайды атажұрты деп санайды. Ал түркология алтаистиканың ажырамас бөлігі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда түркі тілдері, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті бойынша зерттеулер жүргізу мақсатында құрылған Түркі Академиясының қызметі алтаистиканың зерттеу ауқымына кіреді. Екінші жағынан, түркологияны алтаистиканың басқа бөліктерінен ажырату қиын, өйткені тарихи тұрғыдан алтай халықтары бір-бірімен байланысты болды. Осыған байланысты мен PIAC отырысына қатысушылармен тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз деп үміттенемін. Түркі Академиясы алдағы уақытта да алтаистика бағыттары бойынша жобаларды қолдауды жалғастыра береді. ", - деп атап өтті Ш.Мұстафаев. Іс-шара аясында PIAC-тың бұрынғы Бас хатшысы, профессор Барбара Келнер-Хайнкеле алтаистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін PIAC мерейтойлық медалімен марапатталды. Конференция үш күнге созылады, 2023 жылдың 3 тамызында ресми жабылуы өтеді, онда қатысушылар ортаға салынған пайымды пікірлер мен ұсыныстарды қортындылап, қарар қабылдайды. Айта кету керек, тұрақты Халықаралық Алтаистік Конференция (PIAC) 1957 жылы 4 қыркүйекте Мюнхенде шығыстанушылардың 24-ші Халықаралық конгресінде құрылды. Содан бері дәстүрлі платформаға айналған PIAC жиыны аясында көрнекті шығыстанушы мамандар өзара тәжірибе алмасып, тың зерттеулерін таныстырып, пікірлеседі.