Астанада Түркі Академиясының қолдауымен жарық көрген кітаптар таныстырылды

Бүгін Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 90 жылдығына арналған «Ұлттық әдебиеттану мен өнертану: тарих тағылымы және заманауи ізденістер» атты салтанатты іс-шара өтті.

Мерейтойлық жиынға институт директоры Кенжехан Матыжанов бастаған бірқатар белгілі әдебиеттанушылар қатысып, қазіргі әдебиет пен өнертану ғылымының өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, институттың еңбектері таныстырылып, олардың арасында Түркі Академиясының қолдауымен жарық көрген ірі басылымдарға ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық және ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойларына орай Мағжан Жұмабаевтың үш томдық шығармалар жинағы мен Ахмет Байтұрсынұлының бес томдық шығармалар жинағы қайта таныстырылды.

Академияның вице-президенті Асхат Кесікбаев Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың Әуезов атындағы институтын 90-шы мерейтойымен құттықтау лебізін жеткізді:

«Түркі Академиясы мен Әуезов атындағы институт арасындағы ынтымақтастық аясында ортақ түркі тұлғаларын ұлықтап, олардың шығармаларын жариялау түркі әлемінің рухани қазынасына қосылған зор үлес болып табылады», – делінген Академия басшысының құттықтауында.