Астанада Түркі Академиясының ғылыми басылымдарының тұсаукесері өтті
Бүгін, 29 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тіл және әдеби мұра – бірлік негізі» атты ғылыми семинар аясында Түркі Академиясы шығарған жаңа басылымдардың тұсаукесері ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Ардақ Бейсенбай, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ағалар Атамоғланов, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеев, Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов, Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің білім жөніндегі кеңесшісі Өмер Инан, сондай-ақ басқа да дипломатиялық миссия мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Ұсынылған еңбектердің арасында қырым-татар ақыны, түркітанушы Бекир Чобанзаданың қазақ тіліне тұңғыш рет аударылған «Тілтұтқа» атты таңдамалы шығармалар жинағы ерекше назар аударды. Аталған кітапта автордың түркітану ғылымындағы маңызды зерттеулері қамтылған.
Тұсаукесерде Түркі Академиясының «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері» жобасы аясында экономика, тіл білімі және әскери сала бойынша терминдер сөздіктері таныстырылды. Бұл жоба ғылыми терминологияны біріздендіруге және түркі елдерінің ғылыми қауымдастықтарын жақындастыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Сондай-ақ, Ахмет Боранның түркіменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына арналған «Мақтымқұлы» монографиясы мен Әзер Тұранның түркі әлеміндегі айтулы тұлға «Әли бей Хусеинзаде» туралы кітабы да ұсынылды.
Әзербайжандық ақындар Мұхаммед Хусеин Шахрияр мен Булуд Карачорлу Сәһәндтің шығармаларынан тұратын «Сағыныш саздары» атты жинақ қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев қатысушыларға Академия президенті Шаһин Мұстафаевтың ізгі тілегін жеткізіп, әрбір жаңа шығарылған кітаптың түркі халықтарының ғылыми интеграциясын нығайтуағы маңызды үлес екенін атап өтті.
Шараға қатысушылар Түркі Академиясына түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыстарын білдіріп, мұндай басылымдардың түркі әлемінің ғалымдары арасында біртұтас ғылыми кеңістік құруға және білім алмасу мүмкіндіктерін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.