Қазақстан Президенті Түркі Академиясы ұжымына ризашылық білдірді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаевтың атына арнайы хат келді.
Мемлекет басшысының Академия ұжымына ризашылығын білдірген хатын Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыс етті.
«Түркі Академиясы түрлі ғылыми жобаларды жүзеге асырып, бауырлас елдердің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Сіздердің бастамаларыңызбен түркі әлемінің тұғыры биік тұлғаларының еңбегі жан-жақты дәріптелуде.
Осы ретте көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жасқа толуына орай түрік тілінде арнайы кітап шығарғандарыңыз үшін Сізге және Түркі академиясының ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін. Бауырластығымыз баянды болсын!» делінген хатта.
Айта кету керек, өткен жылы Түркі Академиясы қазақ детективінің негізін қалаған көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығын атап өту аясында «Kemel Tokayev: Bir Kalem Ustasinin Yaşam Öyküsü» (Кемел Тоқаев: қаламгердің өмір жолы) атты кітапты жарыққа шығарған болатын.
Түрік тілінде жарық көрген жинақтың алғашқы тарауы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемнің бірқатар тілдеріне аударылған «Әке туралы ой-толғау» атты мемуарымен басталады, кейінгі бөлімдерде түркі әлемінің танымал әдебиетшілерінің және көптеген қазақ қаламгерлері мен қоғам қайраткерлерінің жазушы К.Тоқаев туралы естеліктері мен пайымды пікірлері қамтылған.