Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

2022 жылғы 2 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бірлескен ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде» атты халықаралық конференция өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Сыртқы саяси ведомство басшылығының, дипломатия ардагерлерінің, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми-зерттеу институттары өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шара отандық дипломатиялық қызметтің 30 жылдығына арналған болатын. Алқалы жиынды ашқан Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жеделхатын оқып берді. Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдәулет, сондай-ақ беделді қазақстандық тарихшы-ғалымдар мен саясаттанушылар, дипломатия ардагерлері сөз сөйледі. Сонымен қатар, Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің директоры Татьяна Валовая, Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель, ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі Арнайы өкілі Ли Хуэй, МГИМО университетінің ректоры Анатолий Торкунов, Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Нуман Куртулмуш, танымал америкалық саясаттанушы Ариэль Коэн өздерінің бейне жолдауларын жіберді. Олардың баяндамаларында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының мерейтойымен құттықтаулар айтылып, қазақстандық дипломатия мектебіне жоғары баға берілді.