ҚАЗҰУ-да Эдхам Тенишевтің 100 жылдығына арналған конференция өтті
2022 жылғы 27 сәуірде Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, лингвист-түрколог, моңғолтанушы, филология ғылымының докторы, профессор, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі Эдхам Рахымұлы Тенишевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Э.Р.Тенишев әлемі: ғылымдағы ғұмыр» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға шетелдік және қазақстандық белгілі ғалымдар, лингвистер, түркітілдес елдер ғылыми қоғамдастығының өкілдері, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты. Конференция жұмысы түрколог ғалым еңбектерін ғылыми тұрғыда саралауға және оның бай мұрасын зерттеудің басым бағыттарын айқындауға бағытталды. Конференцияның пленарлық отырыста Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Нурдин Усеев, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоғлы, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, профессор Ерболат Саурықов, белгілі түрколог, профессор Ерден Қажыбек, Башкент университетінің профессор Сүйер Экер, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ профессоры Валерий Махпиров баяндама жасап, Эдхам Тенишевтің ғылымға қосқан үлесі мен жастарға берген өнегесі хақында мол мағлұмат берді. Алқалы жиынға Академия атынан қатысқан Н. Усеев Халықаралық Түркіакадемия президенті Дархан Қыдырәлі мырзаның құттықтауын жеткізіп, «Э.Р.Тенишевтің көне түркі тілі жөніндегі зерттеулері» атты баяндама оқыды. Пленарлық отырыстан соң конференция секциялық отырыстарға ұласты. Тағылымды шараны ҚазҰУ-дың түркітану және тіл теориясы кафедрасы Халықаралық түркі академиясы, Хаджеттепе университеті, Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті, Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті, Фараби Еуразия ғылыми зерттеулер орталығы және Халықаралық Тараз инновациялық институтымен бірлесе ұйымдастырды.