Бакуде Гейдар Әлиевтің 100 жылдығы мен ТүркПА-ның 15 жылдығына арналған конференция өтті
2023 жылғы 21 қарашада Бакуде Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) «Гейдар Әлиев және парламентаризм» және «ТүркПА-ның 15 жылдығы: өткен тәжірибе, бүгінгі шындық және перспективалар» атты екі конференция өткізді.
Алқалы жиынға ТүркПА бас хатшысы Мехмет Сурея Ер, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, Халықаралық Түркі мәдениеті және мирасы қорының президенті Гүнай Эфендиева, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысының орынбасары Саит Юсуф, сондай-ақ ТүркПА-ға мүше-мемлекеттер Парламенттерінің депутаттары, Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымдарының өкілдері қатысты. Басқосуға қатысушылар түркі әлемінің бірігуі тарихи қажеттілікке айналғанын атап өтті. Мәдениеттегі жақындықтар, тарихтағы тамырластық, тіл мен діннің ортақтығы өзара ынтымақтастықты дамытуға негізі екендігі айтылды. Қатысушылар түркі мемлекеттерінің барлық саладағы ынтымақтастығының маңыздылығына тоқталып, бұл тұрғыда ұсыныстар айтты. Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған конференцияда сөйлеген сөзінде Академия басшысы оның бауырлас түркі халықтарын жақындастырудағы рөліне тоқталды. «Гейдар Әлиев түркі мемлекеттерінің интеграциясына қызмет ететін ынтымақтастық ұйымдарын құруға зор үлес қосты. Түркі кеңесі, яғни қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымы мен Түркі Академиясы сияқты ұйымдарды құру идеясы Гейдар Әлиевтің туған жері Нахчыванда дүниеге келгені кездейсоқ емес. Мұның үлкен символдық мәні бар», - деді Ш.Мұстафаев. Бұдан кейін жиын Түркі елдері Парламенттік Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толуына арналған конференциямен жалғасты. Ш. Мұстафаев өз сөзінде түркі интеграциялық ұйымдары арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайта түсудің маңыздылығына тоқталды. Академия басшысы ТүркПА мен Түркі Академиясының «Түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғау және пайдалану туралы конвенцияны» дайындаудағы білескен ерік-жігерін мысал ретінде келтіріп, аталған маңызды құжат ТүркПА-ға мүше-мемлекеттердің ортақ үлгідегі заң жобаларын әзірлеуге жол ашқанын айтты. Сондай-ақ конференция аясында бауырлас елдердің білім саласындағы қарым-қатынастары, оның ішінде ортақ әліпби мен тіл бірлігі бағытындағы маңызды қадамдар талқыланып, студенттерге арнайы стипендиялар тағайындау жөнінде ұсыныстар мен пікірлер айтылды.