Бакуде климаттың өзгеруі бойынша COP29 конференциясының 29-сессиясы басталды
Бүгін Бакуде қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күреске арналған әлемдегі ең ірі әрі маңызды оқиғалардың бірі — БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (COP29) Тараптар конференциясының 29-сессиясы өз жұмысын бастады. 11-22 қараша аралығында өтетін бұл іс-шара Әзербайжан ұйымдастырған ең ауқымды жиынға айналып отыр.
COP29 аясында 12-13 қарашада Дүниежүзілік көшбасшылардың климаттық саммиті өтеді, онда мемлекет және үкімет басшылары климаттың өзгеруіне қарсы күрес жолындағы негізгі қадамдарды талқылайды.
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев пен бірқатар халықаралық ұйымдар басшылары қатысып отырған COP29 негізгі мақсаты — әділ климаттық қаржыландыруды қамтамасыз ететін жаңа Ұжымдық сандық мақсатты (NCQG) келісу.
Конференцияның күн тәртібіне тұрақты даму мақсаттарына сай 14 бастама енгізілген, оның ішінде жасыл энергия дәліздерін құру, жасыл энергияны сақтау, таза сутегі технологияларын дамыту, метан шығарындыларын азайту және Климаттық қаржыландыру қорын құру сияқты бастамалар бар. Бұл шаралар жаһандық жылынуды шектеуге бағытталған.
Іс-шараға БҰҰ-ға мүше мемлекеттер, Еуропалық Одақ елдері және басқа да халықаралық ұйымдардан 40-50 мыңға жуық делегаттың қатысуы күтілуде.