Бакуде «Көне түркі жазу мәдениеті» атты халықаралық конференция өтті
2023 жылдың 16-17 маусым күндері Түркі Академиясы, Халықаралық Түркі мәдениеті және мирасы қоры, сонымен қатар Әзербайжан мен Түркияның ЮНЕСКО жөніндегі ұлттық комиссияларының бірлесіп ұйымдастыруымен Баку қаласында көне түркі жазуын (бітік) оқу кілтінің табылуына 130 жыл толуына арналған «Көне түркі жазу мәдениеті» атты халықаралық конференция өтті.
2023 жылдың 16-17 маусым күндері Түркі Академиясы, Халықаралық Түркі мәдениеті және мирасы қоры, сонымен қатар Әзербайжан мен Түркияның ЮНЕСКО жөніндегі ұлттық комиссияларының бірлесіп ұйымдастыруымен Баку қаласында көне түркі жазуын (бітік) оқу кілтінің табылуына 130 жыл толуына арналған «Көне түркі жазу мәдениеті» атты халықаралық конференция өтті. Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен конференцияға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Халықаралық Түркі мәдениеті және мирасы қорының президенті Гүнай Эфендиева, Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару университетінің ректоры Урхан Алекберов, Түркия Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Өжал Оғыз, Әзербайжан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Сеймур Фаталиев, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, Түрік тілі қоғамының төрағасы Осман Мерт, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының президенті Иса Габиббейли, сонымен қатар Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Германия, Түркия және Польша елдерінен танымал түркологтар қатысты. Алқалы жиын көне түркі (бітік) жазуын зерттеумен айналысатын ғалымдардың басын қосып, олардың пікір алмасыуына қолайлы платформа құруды көздейді. Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Түркі Академиясының президенті түркі рунологиясының 130 жылдық тарихындағы елеулі еңбектер мен маңызды жаңалықтарды атап өтті. Ол олардың қатарында Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының белсенді әріптестік байланыстарына тоқталып, өткен жылы тараптар Номгон алқабындағы бірлескен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Құтлұқ Елтеріс қағанға арналған ғұрыптық кешен тапқанын, бұл соны ғылыми жаңалық болғанын айтты. Осы орайда Түркі Академиясының негізгі бағыттарының бірі түркі бітік жазуларын зерттеу екенін атап өтіп, осы бағыттағы жүмыстардың жалғаса беретінін жеткізді. «Өткен жылы Моңғолиядағы Номгон алқабындағы қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жазудың жоғарғы бөлігі түркі әлемінде үлкен резонанс тудырды. Көктүрік кезеңіне жататын жазуда «түркі» атауының алғаш рет аталатыны бұл жаңалықты одан да құнды етеді. Осы жылы біз қазба жұмыстарын жалғастырып, жазудың қалған бөлігін іздестіретін боламыз», - деді Академия басшысы. Өз кезегінде Халықаралық Түркі мәдениеті және мирасы қорының президенті Гүнай Эфендиева түркі әлемінің 2023 жылдағы атаулы даталары қатарында көне түркі жазуы оқу кілтінің табылуына 130 жыл толуын атап өту қолға алынғанына тоқталды. «Көне түркі жазуы тарихымызда маңызды орын алып, ортақ тарихи мұраларымыздың кілті қызметін атқарады. 130 жылға созылған бұл жол тынымсыз ізденіспен, жаңалықтармен қатар жүрді. Бүгінгі конференцияны осы ұзақ жолдың жалғасы ретінде қабылдап, біз көне түркі жазуы мен оның ерекшеліктерін ұғынуды одан әрі тереңдете түсуге ұмтыламыз», – деді Қор президенті. Г. Эфендиева Халықаралық Түркі мәдениеті және мирасы қоры жас халықаралық ұйым бола отырып, түрлі бағытта түркі мәдениеті мен мұрасын қорғау, сақтау және насихаттауға бағытталған көптеген жобалар мен іс-шараларды жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Конференция тақырыптарына қатысты ол Қор алдағы уақытта петроглифтердің, тайпа таңбаларының және көне түркі жазуының халықаралық көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтты. Пленарлық отырыстан кейін конференция бірқатар тақырыптар бойынша секциялық отырыстармен жалғасын тапты. Атап айтқанда, қатысушылар көне түркі жазуының кілтін тапқан Вильгелм Томсенға арналған секциялық отырыс барысында оның түркологияның қалыптасуына қосқан еңбегі мен өмірі жайында ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, бітік жазуының шығу тарихы мен лингвистикалық ерекшеліктері, таралу аумақтары, қазіргі түркі тілдерімен сабақтастығы және сол дәуірдегі өзге тілдермен (қытай, соғды, моңғол және т.б.) байланысы секциялық отырыстар аясындағы мазмұнды баяндамаларға арқау болды. Бұған қоса, конференция көне түркі әдебиеті мен фольклоры, мәдениеті мен өнері, түркі мемлекеттерінің тұғырлы тұлғалары мен тарихы, архелогиялық қазба жұмыстары қатарлы тақырыптарды да қамтыды. Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу бағыттарына арналған маңызды шешімдер бойынша уағдаласып, арнайы резолюция қабылдады.