Бакуде «Ортағасырдағы Гәнжаның зерделенген керамикасы» жобасы мен кітабының тұсаукесері өтті
Бүгін Әзербайжан Ұлттық тарих мұражайында «Ортағасырдағы Гәнжаның зерделенген керамикасы» жобасы мен кітабының тұсаукесері өтті. Ауқымды зерттеу Түркі Академиясы, Әзербайжан Ұлттық тарих мұражайы, Орталық Азияны зерттеу халықаралық институты және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының халықаралық ынтымақтастығы негізінде жүзеге асып, ортағасырлық керамиканың тарихын тереңінен зерттеуге мүмкіндік берді.
Орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген кітап Әзербайжан Ұлттық тарих мұражайы қорындағы глазурленген керамикалық бұйымдарға арналған алғашқы кешенді зерттеу болып табылады. Бұл басылымның негізі 1938-1940 жылдары Әзербайжан ғалымы И.М. Джафарзаденің жетекшілігімен тарихи Гәнжа қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған материалдардан қаланған. Кітапта барлық үлгілер – ұсақ фрагменттерден бастап тұтас ыдыстарға дейін – ғылыми негізде жүйеленіп, жаңаша көзқараспен ұсынылған.
Тұсаукесер рәсіміне Әзербайжан Ұлттық тарих мұражайының директоры, академик Наиля Велиханлы, Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев, Әзербайжан Мәдениет министрінің орынбасары Фарид Джафаров, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова кітап авторлары – профессор Тарих Достиев пен тарих ғылымдарының кандидаты Айсұлу Ескендірова, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен ғылым және мәдениет саласының жетекші өкілдері қатысты.
Шаһин Мұстафаев өз сөзінде кітапта ортағасырлық Гәнжаның керамикалық өнерінің ерекшеліктері толық ашылғанын, бұл зерттеудің өңірдің мәдени дамуындағы маңызы зор екенін және түркі өркениетінің біртұтастығын көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар, академик басылымды Әзербайжан, Орта Азия және Иран керамикаларының салыстырмалы зерттеулеріне негізделген құнды тарихи дереккөз ретінде бағалады.
Қатысушылар жобаның түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетіп, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтып, шараны қорытындылады.