Бүгін Исмаил Гаспыралының дүниеден өткен күні

Бүгін Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, ағартушы-қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, «Тәржіман» газетінің негізін қалаған Исмаил Гаспыралының дүниеден өткен күні.

Халықаралық Түркі академиясының басшылығы мен ұжымы қайраткер И. Гаспыралыны құрметпен еске алады. И. Гаспыралы саналы ғұмырын түркі тілдес халықтардың еркіндігі мен бірлігі, сонымен қатар, демократиялық құндылықтар жолына арнаған биік парасат иесі, жәдитшілік қозғалысының көрнекті өкілі. Оның «Тілде, пікірде, істе бірлік» деген ұранмен 1883 жылдан бастап жарық көрген «Тәржіман» газеті түгел түркі жұртының санасы мен зиялы қауымның оянуына ықпал еткен еді. Осылайша түркі жұртының тегеурінді трибунасы болған тарихи газет 35 жыл бойы үздіксіз шығып, саяси-әлеуметтік, мәдени және әдеби мәселелерді кеңінен толғап көтерді. Исмаил Гаспыралы 1914 жылы 24 қыркүйекте, 63 жасында қайтыс болды. Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы «Тұлғалар тағылымы» жобасы аясында 2021 жылы И. Гаспыралының туғанына 170 жыл толуына орай «Тілде, пікірде, істе бірлік» атты халықаралық конференция өткізді. Сонымен қатар, Түркі академиясы Исмаил Гаспыралы атында арнайы халықаралық медиасыйлық тағайындаған. Сыйлық түркі әлемінің бірқатар үздік журналистеріне табысталған.