Бішкекте мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында ТМҰ Сыртқы істер министрлер кеңесінің отырысы өтті

Бүгін, 2024 жылғы 6 қарашада Бішкек қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының 11-ші саммиті аясында Сыртқы істер министрлері кеңесінің 11-ші отырысы өтті.

Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев жүргізген алқалы шараға Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фидан, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов, сондай-ақ Венгрия Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто қатысты.

Кездесуге сондай-ақ ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының, Түркі инвестициялық қоры және Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағының басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі басты тақырып – бүгінгі 11-ші ТМҰ саммитіне дайындық болды. Бас хатшы Қ.Өмірәлиев министрлерге Мемлекет басшылары кеңесінің алдағы отырысында қол қою жоспарланған негізгі құжаттарға шолу жасады.

Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Академияның ағымдағы қызметі мен маңызды жобалары туралы жан-жақты баяндама жасап, соңғы екі жылда түркі елдерінің ғылым мен білім саласындағы интеграциясын нығайтуға бағытталған 30-дан астам ғылыми-қолданбалы жобаның жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл жобалар гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын қамти отырып, түркі мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығы мен даму қажеттіліктеріне жауап береді.

Академия басшысы Бакуде өткен Түркі әлемінің біртұтас әліпбиі жөніндегі комиссияның отырысында мақұлданған 34 таңбадан тұратын Біртұтас түркі әліпбиінің жобасын аяқтаудың тарихи маңызын ерекше атап өтті. Ш.Мұстафаевтың айтуынша, бұл тарихи шешім түркі елдерінің мәдени бірлігі мен өзара түсіністігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Талқылау барысында министрлер Мемлекет басшылары кеңесінің күн тәртібі мен бағдарламасына назар аударып, қатысушы елдер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты.