Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммиті аяқталды
2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте «Түркі әлемін нығайту: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» тақырыбында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттер басшыларының XI саммиті өз жұмысын қорытындылады.
Саммитке Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров төрағалық етті. Шара барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан және ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев сөз сөйледі.
Саммит барысында ТМҰ елдерінің басшылары экономикалық интеграция, көлік-логистикалық байланыстарды нығайту, тұрақты даму және мәдени-ғылыми ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мемлекет басшылары өз сөздерінде ортақ мақсаттарға қол жеткізу және түркі әлемінің мүдделерін ілгерілету үшін ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін ерекше атап өтті.
Түркі Академиясының жұмысы жоғары бағаланып, оның ең маңызды жобаларының бірі — Бірыңғай түркі әліпбиін құру, — ТМҰ елдері арасындағы мәдени бірлікті нығайтуға және жан-жақты байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық қадам ретінде ерекше атап өтілді.
Саммит қорытындысы бойынша, ТМҰ-ның 2025 жылғы төрағалығы Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасына өтті. Сонымен қатар, XI саммит аясында сегіз маңызды құжатқа қол қойылып, Түркі әлемінің бірлігін әрі қарай бекітуге бағытталған бірнеше бастамалар қабылданды.