ERCNET Түркі мемлекеттері экономикалық саясаты мәселелерін талқылады

28 ақпан күні Түркі Академиясында Түркі Мемлекеттері ұйымының Хатшылығының қолдауымен Түркі елдері экономикалық саясатын зерттеу ресми орталықтары желісінің (ERCNET) кезекті отырысы өтті.

Онлайн режимде өткен жиынға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, сонымен қатар Түркі академиясының вице-президенттері Ерхан Түрбедар мен Асхат Кесікбаев, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан елдеріндегі экономикалық саясатты зерттеу орталықтарының лауазымды өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Жиынды ашқан Академия басшысы Шаһин Мұстафаев өз сөзінде 2023 жылы жарыққа шыққан «Түркі эконмикасы: цифрлық сауда және инвестиция» есебінің жоғары бағаланғанын атап өтіп, аталған есепті жасауға атсалысқан барша қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Бұл тақырыптық бағыттар Түркі мемлекеттері ингерациясы үшін маңызды рөл атқарады. Біздің бүгінгі ұсыныстарымыз бауырлас елдеріміздің эномикасына оң ықпалын тигізетініне сенемін» деді ол.

Отырыс барысында қатысушылар өткен жылы Түркі Академиясының бастамасымен құрылған ERCNET алаңының 2023 жұмыс көрсеткіштері және биылғы іс-шаралар жоспары жөнінде пікірлесіп, 2024 жылға арналған Түркі Экономикасы есебін әзірлеу бойынша ұсыныстарды талқылады.