Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидлидің Түркия Республика күніне орай құттықтауы

Бүгін, 29 қазан — Түркия халқының ұлық мейрамы — Республика күні. Осыған орай барша түркиялық бауырластарымызды айбынды мемлекеттің ресми жарияланған тарихи күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ұлт-азаттық күрестің бастауында тұрған даңқты көшбасшы Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің және осы жолда шейіт болған баһадүр сарбаздардың рухына тағзым етіп, лайықты құрметпен еске алу — ортақ парызымыз. Бүгінде қуатты экономикаға, дамыған азаматтық қоғамға қол жеткізіп, адами құндылықтарға адалдығымен өзінің ғасырлық мерейтойына қадам басқан Түркия Республикасы өзге елдерге өнеге болып келеді. Атап айтқанда, бүгінгідей алмағайып заманда тараптарды келіссөзге шақырып, әлемге бейбітшіліксүйгіштік саясаттың жарқын үлгісін көрсетуде. Алдағы жылы Түркия Республикасының жарияланғанына 100 жыл толады. Халықаралық Түркі академиясы бұл мерейлі межені кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр. Түркия жұртшылығын Республика күнімен тағы да құттықтап, бауырлас түрік халқына мызғымас бейбітшілік, бекем бірлік және тұрақты даму тілеймін!

Құрметпен, Фузули Мәжидли, Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы