Иштван Қоңыр Мандокидің ғылыми мұрасы сараланды
2024 жылғы 7-8 ақпан аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде көрнекті мажар лингвисі, түрколог Иштван Қоңыр-Мандокидің туғанына 80 жыл толуына арналған «Түркологиядағы шығыс пен бастыстың алтын көпірі – Иштван Қоңыр Мандоки» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен ЮНЕСКО аясындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы бірлесіп ұйымдастырғңан тағылымды басқосу Мандокидің ғылыми еңбектерін, шығармашылығын насихаттауды, сондай-ақ, жас ғалымдарды түркологияның жаңа қырларына бағыттауды мақсат еткен. Тағылымды шараға онлайн және офлайн режимде ЮНЕСКО аясындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдрашов, Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Салтанат Әшімова, Мажарстанның Қазақстандағы бас консулы міндетін атқарушы Имре Питер, сонымен қатар бірқатар мемлекеттерден келген белгілі ғалымдар мен түркологтар қатысты.
Жиынды құттықтау сөзімен ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Мандокидің мол мұрасын зерттеу қажет екеніне тоқталды. Видеобайланыс арқылы сөз сөйлеген ақын Олжас Сүлейменов жиынның рухани-мәдени маңыздылын айтты.
Өз кезегінде Асхат Кесікбаев Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың құттықтауын жеткізіп, Мандокидің ғылыми мұрасын ұлықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді.
Басқа қатысушылар да сөз сөйлеп, Иштван Қоңыр Мадокидің түркология саласына қосқан зор үлесі мен алатын орны туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференция материалдары ғылыми жинақ түрінде дайындалып, PDF нұсқада таратылатын болады.