Көне түркі дәуірінің жаңа ескерткіштерін ашқан ғалымдар марапатталды

2022 жылдың 31 тамызында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бастаған “Номғон-2022” экспедиция мүшелері Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесті.

Кездесуге қатысқан экспедиция құрамында Моңғолия Ғылым академиясы Тарих және археология институтының Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекішісі Энхтөр Алтангэрэлийн, Түркі академиясының ғылыми қызметкерлері, түрколог-ғалымдар – Нәпіл Базылхан мен Нұрболат Бөгенбаев бар. Кездесуде Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институтымен Моңғолияда бірлесіп жүргізген «Номгон-2022» экспедициясының нәтижелерін таныстырылды. Ғалымдар Номгон кешені Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген болжам жасап отыр. Министр Саясат Нұрбек бұл жаңалықтың маңыздылығын атап өтіп, халықаралық экспедиция мүшелеріне түркологияға және әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. «Моңғолиядағы Номгон мемориалдық кешенінің табылуы отандық және шетелдік түркітанушы ғалымдардың тарихи жетістігі деп есептеймін. Біздің еліміз, түркітілдес мемлекеттер мен әлемдік қауымдастық үшін бұл зерттеу жұмыстарының маңызы зор», - деді Саясат Нұрбек құттықтау сөзінде. Сонымен қатар Министр Моңғолияның Білім және ғылым министрлігіне және Ғылым академиясына қолдау білдіргені үшін алғыс айта отырып, келешекте де бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға сенім білдірді. Өз кезегінде Академия басшысы Д. Қыдырәлі экспедиция мүшелерін арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен Министр С. Нұрбекке ризашылығын жеткізді.