Ұланбатырда ХІІ Халықаралық моңғолтану конгресі өз жұмысын бастады

Ұланбатырда ХІІ Халықаралық моңғолтану конгресі өз жұмысын бастады

2023 жылдың 10 тамызында Ұланбатырда ХІІ Халықаралық моңғолтану конгресі өз жұмысын бастады.

Іс-шара Моңғолия Президенті Әкімшілігінің, Моңғолия Білім және ғылым министрлігінің, Моңғолтану халықаралық қауымдастығының қолдауымен өтуде. 12-ші конгресс «Бейбітшілік және Моңғолияның тарихи тәжірибесі» тақырыбына арналған.

Мемлекеттік сарайда өткен конгресстің ашылу салтанатында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурелсух, Білім және ғылым министрі, Монғолтану ұлттық кеңесінің төрағасы Лувсанцэрэн Энх-Амгаланга, Моңғолтану халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Сампилдондвын Чулуун құттықтау сөз сөйледі.

Басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Мажарстан, Германия, Канада, Норвегия, Корея, Қытай және Ресей сынды 27 елден 500-ден астам моңғолтанушы ғалымдар қатысып, тарих және антропология, археология, жазу, әдебиет, экономика, құқық, сыртқы байланыстар, дәстүр мен мәдениет салалары бойынша зерттеулерінің нәтижелерін таныстырады.

Сондай-ақ, конгресстің ашылуы аясында моңғолтану ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалымдарға Моңғолия Президентінің Жарлығымен берілген марапаттар табыс етілді. Олардың қатарында Түркі Академиясының аға сарапшысы Нәпіл Базылхан көшпелі халықтардың ортақ құндылықтарын зерттеуі және туысқан елдер арасындағы бауырластықты нығайтқаны үшін Моңғолияның жоғары наградасы – «Алтан гадас» орденімен марапатталды.

Конгресс 14 тамызға дейін жалғасып, оның аясында «Тарихқа дейінгі және тарихи кезеңдегі моңғолдар», «Моңғол тілі мен әдебиетінің тарихи және қазіргі дамуы», «Моңғол қоғамы, экономикасы, саясаты және заң», «Моңғолияның сыртқы әлеммен қарым-қатынасы» және «Моңғол мәдениеті: дәстүр мен инновация» тақырыптарын талқылайтын 6 сессиялық отырыс өтеді.

Айта кетейік, Халықаралық моңғолтану конгресі алғаш рет 1959 жылы Халықаралық моңғолтану қауымдастығының негізінде ұйымдастырылып, бес жылда бір рет өткізіледі. Бүгінгі таңда моңғолтану саласында дербес зерттеулер жүргізетін 23 орталық, ауқымды зерттеулер жүргізетін 20 орталық бар.